Атырау облысында температура түнде -18°С, күндіз -12°С-қа дейін күрт төмендейді
«Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес желтоқсан айында ауа райының жиі өзгеруі күтілуде. Кейбір аудандарда қар көп жауып, боран болады деп болжануда. Оңтүстік өңірлерде жаңбыр жауып, соңы қарға ұласады, тұман, көктайғақ, екпіні секундына 15-30 метрге дейін немесе одан да көп жел соғады. Жауын-шашын тоқтап, тұрақсыз болған ауа-райы аязға ауысады, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
7–15 желтоқсан аралығында суық арктикалық ауа массасының келуімен еліміздің барлық аумағында ауа температурасы:
– Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында түнде -39°С, күндіз -35°С дейін;
– Ұлытау, Абай, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында түнде -35°С, күндіз -30°С дейін;
– Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында түнде -23°С, күндіз -20°С дейін;
– Қызылорда облысында түнде -20°С дейін, күндіз -15°С дейін;
– Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында түнде -25°С дейін, күндіз -17°С дейін, таулы аудандарда түнде -30°С дейін, күндіз 15°С дейін;
– Атырау, Маңғыстау облыстарында түнде -18°С, күндіз -12°С дейін күрт төмендейді.
Осыған орай, ТЖМ қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді. Ескертулер жариялаған кезде, әсіресе қараңғы уақытта алыс жерлерге сапарға шығудан бас тартып, жаяу жүруден аулақ болуға шақырады. Ал қатты жел болған жағдайда жақын маңдағы ғимаратта немесе қауіпсіз жерде жасырыну қажет екені айтылады. Мұндайда ағаштардан, ілулі тұрған конструкциялардан, электр желілерінен және билбордтардан аулақ болған жөн.
Сондай-ақ, қатты аяз техногендік өрттердің көбеюіне ықпал етуі мүмкін. Осыған байланысты ТЖМ біз жоғары қуатты электр құрылғыларын бір уақытта қосу арқылы пештерді қыздырмауға немесе электр желілерін шамадан тыс жүктемеуге кеңес береді.