Қазақстан–Әзербайжан арасындағы сауда көлемі 417,4 млн. долларға жетті
2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда көлемі 417,4 млн. долларға жетті. Бұл көрсеткіш, өткен жылдардың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, рекордтық болып табылады, сондай-ақ 2022 жылдың 9 айындағы көрсеткіштен (316,4 млн.долл.) 31,9%-ға артық, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Бұл ретте, елдер арасындағы сауданың едәуір үлесі Қазақстаннан экспортқа тиесілі – 360,1 млн доллар немесе 86,3%. Қазақстаннан Әзербайжанға экспорт көлемі 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте 256,2 млн доллардан 40,5%-ға өсті. Осы кезеңдегі Әзербайжаннан импорт көлемі 57,3 млн долларды құрады.
Қазақстан экспортының өсуі өңделмеген алюминийді жеткізудің 201 мың доллардан 108,2 млн долларға дейін 538,2 есеге ұлғаюына тікелей байланысты болып отыр.
Осылайша, алюминий экспорттың жалпы көлемінің 30%-ын ала отырып, Қазақстанның Әзербайжанға негізгі экспорттық тауарына айналды. Экспорттың өсуіне мұнай өнімдерін жеткізудің 61,1 миллион доллардан 74,9 миллион долларға дейін және шикі мұнайдың 56,7 миллион доллардан 73,2 миллион долларға дейін өсуі де әсер етті.
Бұдан басқа, Қазақстан Әзербайжанға бидай, рельстер, металпрокат, аккумуляторлар, теміржол вагондары, нан және ұн өнімдері, макарон, маргарин және т.б. жеткізеді.
Әзербайжаннан импортталатын негізгі тауарлар қатарларына қара металдардан жасалған құбырлар мен профильдер (16,2 млн.долл.), паромдар мен круиздік кемелер (11,6 млн.долл.), ауыз су, оның ішінде минералды және газдалған су (9,3 млн.долл.) жатады. Аталған үш тауар тобы Әзербайжаннан келетін барлық импорттың 64,8%-ін құрайды.
2023 жылдың 1 жартыжылдығында Әзербайжаннан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 1,2 млн долларды құрады. Олардың негізгі бөлігі энергетика секторында, атап айтқанда мұнай-газ саласында шоғырланғанын атап өткен жөн.
Бұл ретте, Каспий теңізінің түбіне талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) төсеу жобасы тараптар іске асыратын аса маңызды жобалардың бірі болып табылады.
Жоба Қазақстанға ғаламдық интернет желісіне қосылу үшін баламалы байланыс арналарының болуына мүмкіндік береді. Оның құны 22,8 млрд. теңгеге бағаланады.