Көптоғайда 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды
Құрманғазы ауданына қарасты Көптоғай ауылдық округінен 300 орындық мәдениет үйі салына басталды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тапсырыс беруші Құрманғазы ауданының құрылыс бөлімі болса, бас мердігер – «Декор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Өнер ордасының бірінші қабатында 300 орынды көрермен залы, қызметкерлерге арналан кабинеттер, асхана, киім ауыстыратын орын қарастырылған. Екінші қабатта би залы, оқырман залы бар кітапхана, үйірмелер жұмысына және шаруашылық қажеттіліктеріне арналған бөлмелер орналасқан.
– Осыдан біраз уақыт бұрын аталған ауыл тұрғындары мәдениет үйі қажеттігін айтып, мәселе көтерген болатын. Енді, міне, округ орталығынан нысанның құрылысы басталды. Қазіргі таңда жері тегістелуде. Қалған құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетін болады, – деді «Декор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысының орынбасары Айбек Нұрғалиев.
Айта кетейік, аталған мәдениет үйі 2024 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазіргі таңда Көптоғай ауылында 1152 тұрғын бар.