Сәбіз, картоп, пияз және қант бағасы төмендеген
Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғаринның төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөнінде кеңес өтті. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО хабарлайды.
СИМ Сауда комитетінің мәліметінше, өткен аптада елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасының орташа өсу индексі 0%-ды құраған. Жыл басынан бергі орташа көрсеткіш – 3,3%.
– Өткен аптада ұн, нан, қарақұмық, күнбағыс және сары май, сиыр еті, сүт және сүзбе бағасы тұрақты болды. 5 тауарға баға төмендеді. Атап айтқанда, қырыққабат пен сәбіз – 1,3%, картоп – 0,7%, пияз және қант – 0,5%-ға төмендеді, – деп хабарлады Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков.
Сонымен қатар, өткен аптада еліміздің 13 өңірінде жұмыртқа бағасының орта есеппен 1,3%-ға өсуі байқалады. Бұл ретте Сауда комитеті жұмыртқа бағасын тұрақтандыру үшін тікелей өндірушілермен келісімшарт жүргізіп, өнімді бірден сауда орындарына жеткізу схемасын ұсынды. Бағаны тұрақтандыру қағидаларына сәйкес, өңірлер әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 3 айлық қажеттіліктің 50%-ына дейін келісімшарт жасай алады. Мәселен, өңірлердің 382 млн дана қажеттілігіне тек 103 млн данаға (немесе 21,2%-ға) келісімшарт жасалды. Бүгінде бірде-бір облыс келісімшартпен 100% қамтамасыз етілмеген. Осыған орай Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне жақын өңірлердегі құс фабрикаларынан жұмыртқа жеткізу мәселесін пысықтауды тапсырды.
Кеңеске қатысушылар ел өңірлеріне арзандатылған астықты жеткізу мәселесіне жеке тоқталды. Сауда комитетінің мәліметінше, бүгінгі таңда 16 өңір Азық-түлік корпорациясының резервтерінен астық сатып алу мәселесін пысықтаған. Астық пен ұнды жөнелтуді 10 өңір жүзеге асыруда. Атырау облысы қосымша астық жеткізуді сұрады. Бұл өңірге вице-премьердің тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін Азық-түлік корпорациясының резервінен 2 мың тонна жөнелтіледі.
Негізгі көкөніс позициялары бойынша барлық өңір қажетті көлемдегі келісімшарттармен қамтамасыз етілген. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің сөзінше, маусымаралық кезең үшін өңірлерге сәбіз, пияз және картоп көлемі толықтай жеткізілді. Астана әкімдігінің ақпаратына сәйкес, қырыққабат бойынша келісімшарт көлемі екі апта ішінде ұсынылатын көлемге жеткізіледі.
– Қазан айында азық-түлік инфляциясы жылдық көрсеткіште 1%-ға төмендеді. Екі ай қатарынан азық-түлік тауарлары бағасының өсу индексі азық-түлік емес тауарлар мен қызметтерге қарағанда төмен. Бұл жақсы үрдіс, қол жеткізілген позицияны сақтау үшін осы жұмысты жалғастыру қажет, – деп түйіндеді кеңес қорытындысын Серік Жұманғарин.