Бақылау-өлшеу аспаптарын колибрлеу зертханасын ашу мәселесі талқыланды
Облыс әкімі Серік Шәпкенов «Wika Alexander Wiegand SE & Co. KG» компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс, Африка, Индия елдерінің сату бойынша атқарушы Вице-Президенті Кайгер Андреас бастаған делегацияны қабылдады.
Жиында облыс әкімі әлемдегі өнеркәсіптік мақсаттағы бақылау-өлшеу аспаптарын өндіретін жетекші компания өкілдеріне ілтипат білдіре отырып, бүгіннен бастап Атырау қаласында іске қосылған қысым мен температураны өлшеу құралдарын өндіретін зауыттың ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ компанияның Атырау облысын дамытуға бағытталған жобаларына ашық екенін жеткізді.
— Атырауда мұнай мен газ өңдеу ісі дамыған. Аймақта осы салада жұмыс істеп жатқан бірнеше ірі мекеме бар. Олар өз жұмысына сіздің құралдарыңызды пайдаланып, арадағы ынтымақтастықты дамытады деген сенімдемін. Бүгін іске қосылған өндіріс орнының ашылуымен құттықтаймын. Бұл — үлкен бастама. Өйткені сіздер ашқан компания арқылы өңірге жаңа инновациялық техникалар келіп, жаңа леп пайда болады. Оған қоса жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, осы бағытта жұмыс істеп үйренеді. Сіздермен арадағы серіктестік арқылы халықаралық қатынасты дамытуға үлкен септігін тигізеді. Осы ретте сіздермен серіктес компаниялар Атырау өңірінде жаңа өндіріс көзін ашқысы келсе, жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенімізді жеткізгім келеді,-деді С.Шәпкенов.
Өз кезегінде Кайгер Андреас облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, «Wika Alexander Wiegand SE & Co. KG» компаниясының алдағы жоспарларымен бөлісті. Компанияның қатысуымен өңірде осы жылдың соңына дейін бақылау-өлшеу аспабын жөндеу және сервистік қызмет көрсету орталығын, ал 2024 жылы аспаптарды колибрлеу зертханасын ашу жоспарда екенін жеткізді.
— Атырауға сапарымның аясында мұнда жұмыс істеп жатқан жергілікті мұнай компанияларымен кездесіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Ол үш бағыттан тұрады. Оның ішінде жергілікті халықты жұмыспен қамтып, білікті кадр даярлау бөлімі бар. Сонымен қатар С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетімен бірлескен түрде мұнай-газ саласындағы цифрландыру жүйесін дамытуды көздеп отырмыз. Оған қоса келесі жылы жергілікті мекемелерге қызмет көрсету үшін колибрлеу зертханасын ашу жоспарда бар. Біз бұл өңірде серіктестіктің үлкен перспективасын көріп отырмыз. Сондықтан арадағы байланыс беки түседі деп сенемін,-деді К.Андреас.
«Wika Alexander Wiegand SE & Co. KG» компаниясының Атырау қаласында ашқан қысым мен температураны өлшеу құралдарын өндіретін зауыт бақылау өлшеу аспаптарын, электронды температура сенсорларын және мембраналық бөлгіштерді жасап шығарады. 2023 жылы — 7, 2024 жылы — 15, 2025 жылы — 20 адамды жұмыспен қамтиды.
Жиында цифрландыру, ТКШ саласында озық технологияларды пайдалану және ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Анықтама үшін: Атырау облысында неміс капиталының қатысуымен 23 кәсіпорын бар. Олар құрылыс, сауда және сервистік қызмет көрсету салаларында тіркелген.