Жоғалған 40 сиыр табылды
Атырау облысында боранды күні ауыл тұрғындарының 70 сиыры жоғалған.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 23 ақпанда қатты боран салдарынан 70 сиыр жоғалып кеткен.
– Жылыой ауданындағы Майкөмген елді мекенінің тұрғындары жоғалған 70 сиырды өздері іздеген. Одан ешқандай нәтиже шықпаған соң сақшылардың көмегіне жүгінген. Жылыой ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Жайық Қойбасов жоғалған малдың 40-қа жуығын 12 күннен соң Майкөмген ауылынан 180 шақырым қашықтағы Маңғыстау облысы Қаракиіз тауының жиегінен тауып, иелеріне әкеліп тапсырды. Ауа райының қолайсыздығы салдарынан іздеу жұмыстары біршама қиындық туғызғанмен, полиция қызметкері жоғалған сиырларды іздеуде табандылық танытты. Алайда, әлі де табылмаған 30-ға жуық сиырды іздеу жалғасып жатыр, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.