Оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды
Атырауда жол апатын жасап, қашып кеткен жүргізуші ұсталды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 жастағы жүргізуші көлігімен жолдың қарсы жолағына шығып, «Opel Astra» маркалы көлікпен соғысқан. Бұл туралы бүлінген көліктің жүргізушісі 102 операторына хабарлап, шағым түсірген.
– Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының кешкі сағат 20:15 шамасында қаладағы Берғалиев көшесінде болғанын анықтады. Жол-көлік оқиғасы болған жерде сызба жұмыстары жасалып, тиісті іс-құжаттар рәсімделді. Іздестіру жүргізіліп, нәтижесінде жол-көлік оқиғасын жасап, ізін жасырған «Сhevrolet Cruise» автокөлігінің жүргізушісі екені белгілі болды. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 610-бабы, 1-бөлігімен «Көлікті бүлдіру», 611-бабы, 2-бөлігімен «Оқиға орнын тастап кету» әкімшілік хаттамалар толтырылып, мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданды», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.