Қатерлі ісікті жасанды интеллект арқылы анықтайды

Атырау облысына жұмыс сапарымен келген «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының» директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Диляра Қайдарова Атырауда соңғы төрт жылда онкологиялық аурудың тіркелу динамикасында бәсеңдеу барын мәлімдеді.

Оның айтуынша, оң көрсеткіш соңғы жылдары саланың 26 кадрмен толығуына да байланысты. Бұрын науқастар ем алу үшін Алматыға барып қаралатын болса, қазіргі уақытта онкологиялық ауруға шалдыққан емделушілерге жоғары сапалы көмек жергілікті медициналық орындарда да көрсетілуде. Атыраудың медициналық мекемелері соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған және хирургиялық күрделі ота жасауға да мүмкіндіктері бар.

Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Асхан Бәйдуалиевтің мәлімдеуінше, Атырауда сүт безі, өкпе обыры, асқазанның қатерлі ісігі аурулары жиі кездеседі. Сол себепті медициналық мекемелер ерте мерзімде диагностикадан өткізіп, зерттеуге мүмкіндік беретін және күрделі ота жасалатын құрылғылармен жабдықталған.

Атап өтерлігі, Атырау облысында барлық медициналық мекемелер ортақ жүйеге қосылған. Бұл жүйе қала, аудандардағы томография, рентгендік зерттеулердің қорытындыларын ортақ
базада жинақтап, зерделеуге мүмкіндік береді. Және бүгінде Атырауда қатерлі ісікті жасанды интеллект көмегімен анықтауға мүмкіндік жасалған.

– Жасанды интеллект қатерлі ісіктерді мейілінше ерте мерзімде анықтауға мүмкіндік береді. Біз обырға шалдыққан науқастың өмір сүру ұзақтығын кемінде 5–6 жылға соза алсақ, мұның өзі үлкен жетістік, – деп нақтылады Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысы Асхан Бәйдуалиев.

Қазақстанның бас онколог дәрігері Диляра Қайдарованың айтуынша, онкологиялық ауруларды анықтаудың ең тиімді жолы – медициналық скрининг. Қатерлі ісік ерте анықталған жағдайда мамандар науқасқа 70–80 пайызға дейін көмек көрсете алады.

Қазақстанда қатерлі сырқатқа қарсы скринингтік тексерулер 25 жастан басталады.


Атырау облысында қазіргі таңда онкологиялық есепте 4 500 науқас тұр. Соңғы бір жылда қатерлі ісік 1 150 адамнан анықталған.