2015 жылы сотталған әйел түрмеге енді қамалды
Сот үкімі 2015 жылы шыққан жеңгетайлық қызмет ұсынып, притон ұстаған атыраулық әйел түрмеге енді қамалды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Келіншек 2015 жылдың қыркүйек айында Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Қылмыстық кодекстің 309-бабы бойынша «жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық» айыпты деп танылған.
– Оған бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Алайда сот оның кішкентай балалары бар екенін ескеріп, жаза өтеу мерзімін бес жылға кейінге қалдырған, – дейді Атырау қалалық пробация қызметінің инспекторы Айзере Дәулетбаева.
Полицияның хабарлауынша, сотталған әйелдің жазасын өтеу мерзімін шегеру уақыты аяқталды. Соған байланысты Атырау қалалық пробация қызметі сотталушының негізгі жазасы бойынша шешім қабылдау үшін Атырау қалалық №2 сотына ұсыным жолдады.
Сот шешімімен әйел УГ-157/9 әйелдер колониясы мекемесіне қамалды.
Сотталушының кәмелетке толмаған екі баласын туыстары өз қамқорлығына алды.