Үш күнде 2 273 нысан тексерілді
Атырау облысында шектеу шаралары мен санитарлық талаптардың сақталуын бақылайтын 114 мониторингтік топ үш күнде 2 273 нысанды тексерген.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, карантиндік шектеулерге қарамастан, Атырауда той, садақа өткізу тыйылмай тұр.
22 қазанда Атырау қаласында жасырын той жасаған екі дерек анықталса, Индер ауданында да осындай екі жағдай тіркеліп отыр. Жалпы 20 – 22 қазан аралығында жүргізілген рейд кезінде 2 273 нысан тексерілді.
Ал 11 шілдеден бүгінге дейін облыста 70 отбасылық шара жасырын өткен. Атырау облысында санитарлық талаптардың сақталуын бақылайтын мониторингілік топ таратқан ақпаратқа сәйкес, той-садақа өткізуден алғашқы үштікті Атырау қаласы, Жылыой мен Қызылқоға ауданы бастап тұр екен.
Рейд кезінде шектеу шараларын сақтамай жұмыс істеген 75 кафе, мейрамхана сынды қоғамдық тамақтану орындары анықталған. Оның ішінде 67-сі Атырау қаласында, ал 5 дерек Жылыой ауданында тіркелген. Сондай-ақ, 102 азық-түлік дүкені бекітілген уақыттан тыс жұмыс істеген.