Атырауда аутизммен ауыратын балалар үшін инклюзивті сынып ашылды
12 қыркүйек «Авангард» ықшамауданындағы №3 гимназия-мектебінде инклюзивті сынып ашылды. Бұл туралы Атырау облысы әкімдігінің ресми парақшасында хабар тарады.
Инклюзивті сыныптың ашылуына Атырау облысы білім басқармасының қызметкерлері, қалалық білім бөлімінің инклюзив бойынша жауапты маманы, Атырау облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация мекемесінің басшысы, мектеп ұжымы мен ата-аналар қатысты. Қазірдің өзінде сыныпта 5 бала білім алып жатыр.
Мұнда психологиялық денсаулығы тежелген аутизм белгілері бар балаларды АВА әдісі бойынша оқыту көзделген. Тьюторлардың сүйемелдеуімен оқушыларды қалыпты балалардың қатарына қосу орталық мамандарының мақсаты болып табылады. Сынып «Инклюзия болашақ Атырау» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен, «СОС» компаниясының қолдауымен ашылды.