Мектеп шығыны сайтта жарияланады

Мектептерді жан басына қаржыландыру жүйесі алдағы уақытта толығымен ретке келтіріліп, шығындардың бәрін арнайы сайттан көріп отыруға болады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
– Біз білім саласының қаржыландырылуының ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Біріншіден, бөлек бюджеттік бағдарламаны іске асырған дұрыс. Білім саласына бөлінген қаражаттың дұрыс бағытта жұмсалып жатқанын бақылап отыратындай мүмкіндік болуы тиіс. Екіншіден, қай өңірге жергілікті атқарушы органнан қаражат жеткіліксіз бөлінді – оны ай сайын қарап, қадағалап, сайтқа іліп отыру керек. Барлығын қоғам білуі тиіс. Үшіншіден, қазір азаматтық бюджет деген ұғым бар. Әр мектептің, әр облыстың бюджеті, шығындары міндетті түрде сайттарында ілінуі керек. Бір компьютер сатылып алынса да – ол қандай, фотосы бар ма, актісімен бірге бәрі көрсетілуі қажет. Сонда ғана қоғамда білім саласына қатысты теріс ойлар болмайды, – деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің аппараттық отырысында.
Министр әр мектепке осындай жүйе енгізілетінін мәлім етті.
Оның айтуынша, қазір SEDA деген сайт бар. Сонда әр мектеп туралы барлық ақпарат енгізіліп жатыр. Аталған сайтта қаржыландыру мәселесі де бөлек қаралады. Мысалы: Қанша қаражаты бар? Бюджеті қандай? Не сатып алды? Жалақы төлеуге қанша қаражат жұмсалды? деген сияқты ақпараттардың бәрін сол сайттан көруге мүмкіндік болады.